Байланыс>>
Қазақстан Жазушылар Одағы
<< №11 (3331) №12 (3332)
№13 (3333) >>

Дауылпаз диктор

Әнуарбек Байжанбаев – 90

Журналистік жол қайда апармайды. Шалғайдағы шопан қыстағына бара жатырмыз. Ашық ауа-райы аяқ астынан құбылып шыға келді. Жапалақтап қар жауып, жел көтеріліп, алай-дүлей боран соқты да кетті. Машинамыз қарға батып бір тұрып, бір жүріп, әрең дегенде қыстаққа жеттік-ау.

– Мына алай-дүлей боранда қайдан жүрсіңдер? Жылы, жарқын үйлеріңнен кім мұнда айдап әкелді, – деп, түскен үй иесі бейне ескі танысындай құшақ жайып қарсы алды.
Сол бойда дастархан да жайылып, буы бұрқырап, шай да құйыла бастады. Аяз сорып, тоңып келген біздерге керегі де осы еді. Жанымыз жайланып, бойымызды жинай бергенде:
– Радио қабылдағыштың құлағын бұрап, даусын шы­ға­рып қойшы, ауа-райы қалай болар екен, оны да тыңдай отырайық, – деді үй иесі баласына. Сол-ақ екен радиодан ең әуелі жылы әуен ойналып, онан соң малшы қауым туралы:
Елемейді еш уақытта суықты,
Білесің бе бәрінен де кім мықты?
Білесің бе боранды да бас идіріп,
Күндіз-түні аязда кім шынықты.
Бұлт астынан сығаласа жұлдыздар,
Мұзға оранған бұлдырайды шың-құздар.
Сол мықты адам қой күзетіп шығады,
Сыр бермейді тоңдырса да ызғарлар, –
деген өлең жолдары желдей есе жөнелді.
Өлеңді кезектесіп оқып отырған өзіміздің әріптесіміз Әнуарбек Байжанбаев пен Сауық Жақанова. Бұлақтай мөлдір ашық дауыстары еріксіз баурап, бейне магниттей бауырына тартып барады.
Хабар аяқталған бойда:
– Бәрекелді! Нақышына келтіріп, қалай оқиды. Көп рах­мет. Бізге арналған екен, – деп шопан ағамыз шын жүректен риза болып қалды.
– Жапан далада жүріп мал баққан соң радио қабыл­дағыш үйде де, түзде де жанымызда. Соның ішінде кө­бірек ден қойып тыңдайтынымыз Әнуарбектің жүргізетін хабарлары. «Өркенің өссін, көп жаса!» деп ризалығы­мызды білдіріп, қолын қысқымыз келеді. Әттең, алыста. Ал сіздер бірге қызмет істейді екенсіздер. Өзі қандай жігіт. Арнайы оқу оқыған ба? Әлде бойына туа біткен қасиеті ме екен? – деп қалды үй иесі бізге.
Тосын сұрақ. Тау баурайында өскен адамға асқар шың­ның биіктігі біліне бермейді. Бірге жүрген адамның арқа-басының кеңдігі сезіле бермейді. Тастай батып, су­дай сіңіп араласып кетесің. Әнуар Байжанбаев та сон­дай қарапайым, кішіге аға, үлкенге іні. Керегінде әрқа­шан қасыңнан табылатын қарапайым, ақжарқын жігіт еді.
Өмір оны ерте есейтіпті. Отбасының жағдайына орай мектепте оқып жүрген кезінің өзінде еңбекке араласыпты. Тұрған үйінің жанындағы баспаханаға хат тасушы бо­лып орналасып, жақсы ортаға тап болады. Баспа-
ха­на­ның жұмысы қызық екен. Сан қилы кітаптар бірінен соң бірі үсті-үстіне шығып жатады. Арасында өлең, әңгіме жинақтар да аз емес. Авторлары әйгілі жазушылар, ақындар. Беттерін ақтарып оқи қалсаң, еріксіз тартып, баурап алып кетеді. Жаттап алған өлеңдерін жолдастары, таныстары арасында кемеліне келтіріп, айтып жүруді әдетке айналдырды.
Олар болса, сенің даусың сондай тамаша деп, ұйып тыңдап, қолын соғып, арқасынан қағады.
Атқаратын жұмысы да онша ауыр емес. Тапсырылған істі зыр жүгіріп, дер кезінде мүлтіксіз орындайды. Кітап ав­тор­ларының қолжазбалары теріліп болғаннан кейін үйлеріне барып оқытады да, кеткен қателері түзе­тіл­ген­нен кейін қайтадан баспаханаға әкеліп тапсырады.
Осындай күнделікті жұмыс барысында халқымыздың сүйік­ті жазушысы Сәкен Сейфуллинмен алғашқы рет та­ныс­қан сәтін Әнуар аға үнемі ерекше ықыласпен айтып жүретін.
– Бірде, – деп еске алады Ән-ағаң, – Баспаханада те­ріл­ген қолжазбаны жазушының үйіне алып келдім. Сәкен ағаның орны бөлек қой. «Қалай болар екен, қалай қа­был­дар екен?» деп, іштей қатты қобалжыдым. Жазушы аға­мыз үйінде екен. Баласынбай жылы қарсы алды. Әкел­ген дүниелерімді көз жүгіртіп қарап отырып, жайлап әңгі­меге көшті.
– Осы сені ақындардың өлең-жырларын бабына кел­тіріп, көсіле келістіре оқиды деп мақтайды жұрт. Солай ма?
– Қайдан білейін аға, шамам келгенше барымды са­лып, жақсылап оқып, тыңдаушының көңілінен шығуына ты­рысамын.
– Талпынған тауға шығады. Жарайды мұның дұрыс екен. Көп естігеннен бір көрген артық. Мына қолымдағы өлеңдердің бірін оқып көрші, мен де тыңдап көрейін, – деді, – аға.
– Күтпеген өтініш, шынымен-ақ сұрап тұр ма? – деп аға­ның жүзіне жалтақ-жалтақ қарай бердім.
– Қысылма, қарағым, оқи ғой, – деді тағы да.
Сол-ақ екен алып ұшқан көңілім орнына түскендей бол­ды. Тереңірек дем алып, даусымды көтеріңкіреп өлеңді оқи жөнелдім. «Қалай қабылдар екен» деп, Сәкен ағаға да әлсін-әлсін қарап қоямын. Ден қойып тыңдап отырған тәрізді.
– Жарайды, інішегім, дауысың әуезді, үнді екен. Өлең­ді мен емес, бейне өзің жазғандай шын беріле, жан-дү­ниең­ді салып езіле оқыдың, – деп арқамнан қақ­ты. Туа біткен талантың бар сияқты. Адам – өз өмі­рі­нің суретшісі. Соның көзін ашуға тырыс, – деп келелі кеңес берген кезінде өзіме-өзім сенбедім. Рахметімді айттым.
Амал не, аяқ астынан Отан соғысы басталып, май­данға аттандым. Шиеленіскен қатты ұрыстардың бірінде ауыр жараландым. Маңдайға жазса не шара. Балдаққа сүйе­ніп, мүгедек болып елге оралдым.
Соғыс уақыты ғой. Соның өзінде қартаң тартқан ата-ана­ма көмектесіп, қол ұшын беруге тырыстым.
Осы мақсатпен көше кезіп, жұмыс қарастырып жүр­генде баспаханада бірге жұмыс істеп, ағамдай болып кеткен Омарғазы Оспановты жолықтырдым.
– Көрген бойда Әнуар-ау, соғыстан қашан оралдың, не­ге көрінбей жүрсің, қалың қалай? – деп Омекең сұрақ­тың астына алды.
– Қалым жаман емес, баспаханаға барып, сізді кез­дес­тіре алмадым. Көбі бейтаныс кісілер, басқа қызметке ауы­сып кетіпсіз.
– Иә, мен қазір Республикалық Радио тарату коми­теті­нің бастығымын. Өзің қалай, емделіп жүрсің бе?
– Емделіп болдық қой. Табылса жұмыс істеп, үй-ішіне қол­ғабыс жасағым келеді. Бірақ реті келмей жүр.
– Олай болса, жұмыс табылады. Бізге кел.
– Не істеймін сонда?
– Диктор боласың.
– Диктор. Диктор деген не? Қандай қызмет ол. Қо­лымнан келер ме екен. Ұятқа қалдырмаймын ба?
– Келгенде қандай, алып кетесің. Ұмытып қалғаннан сау­мысың. Соғыстың алдында баспада жүргенде өлең оқып, тақпақ айтуға әуес едің ғой. Дауысың қандай құлаққа жағымды, әуезді. Диктор болып істегісі келетін адамға керегі – осы. Шын ден қойсаң, жаттығып, меңгеріп кетесің, көмектесеміз, – деді.
Шынында да солай болды. Алғашқы сынның өзінен сү­рін­бей өтті. Жас жігітті ұжым жылы қарсы алды. Дик­тор­лық мамандық сиқырлы сезімнің, сезімтал өнердің ада­мы екеніне, оның негізгі құралы әуезді үн, мағыналы сөз­ді жеріне жеткізе оқи білуі екендігіне көзін жет­кізді.
Соғыс жылдарында радиода қосымша диктор болып қызмет істеген атақты артист Шәкен Айманов Әнуарды өзі­не көмекші етіп алды. Жас өседі, қанат қатаяды. Әнуар да жүре келе қалаған мамандығының шыңына кө­теріліп, тыңдаушылардың жүрегіне жол тапты.
Атақты жазушы Сәбит Мұқанов:
«Әнуарбек оқыса солғын шығарманың өзі торғын жі­бектей құлпырады» десе, абзал ақын Тайыр Жароков: «Әнуарбек ініме өте ризамын, өлең оқығанда айызыңды қандырып, елді сілтідей тындырады», – деп шын ықылас пен қошамет көрсетіп жүрді.
– Бірде, – деп еске алатын Ән-аға. – Көпке мәлім ардагер азамат, жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы көркем жазылған бір мақаласын маған радиодан оқып беруді ұсынды.
Баукеңнің өзі де әдеби дүниені құлпыртып оқитынын білетін едім. Сонда да өзінің орнына мені қалағаны қатты толқытып, тебірентіп жіберді. Батыр ағаның сенімін ақтап шықсам екен, – деп мұқият дайындалдым. Еңбегім еш кетпеді. Мақала радиодан оқылысымен-ақ Баукең телефон соғып:
«Жарайсың, Әнуарбек! Өз дүниеме өзімнің сай-сүйе­гім сырқырап кетті. Көп рахмет!» – деді.
Иә, жақсы адам шынында да қай уақытта болса да аспандағы жарқыраған жұлдыз сияқты ғой. Оның нұр сәулесі тек өзіне ғана емес, өзгелерді де нұрландырады. Ән-аға осылай қалтқысыз қызмет атқара жүріп, соңына ерген шәкірттеріне де өнегелі ұстаздық көрсетті. Олар­дың ішінен Мәмбет Сержанов, Сауық Жақанованы, Жәнел Асқарованы, Мырзабек Қуатбековты ерекше атап көрсетуге болар еді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, танымал диктор Сауық Жақанованың да Ән-ағамен бірге қызмет істеп, біте қайнасқаны да күні бүгінге дейін есінде жү­реді. Дыбыс режиссері: «Бір сағаттық әдеби-музыкалық хабарды Әнуарбек ағамен бірге қосылып оқисың, алдын ала жақсылап дайындал» деп мәтінін әкеліп бергенде жүрегі дүрсілдеп қоя беріпті.
Қызмет істей бастағаныма онша көп болған жоқ, «Жүй­ріктің желісіне ілесе аламын ба? – деп қатты сезік­теніпті.
Қасында отырған әріптесінің жан-дүниесін сезіп қал­ған Ән-аға:
– Сауық қарағым, онша қобалжыма, біздің оқыған мә­тініміз бірден эфирге шықпайды. Алдын ала үнтаспаға жа­зылады. Қателесіп, жаза бассақ, дауысымызды қал­пына келтіріп, қайтадан оқимыз. Микрофон алдында не­ғұрлым еркін отырсақ, дауысымыз да солғұрлым ши­рақ шығады, – деп ағалық кеңесін береді.
Алыс-жақынды білмейтін миллиондардың қағазсыз га­зеті атанған Қазақ радиосының Алтын қорында әде­биетіміз бен мәдениетіміздің ұлағатты өкілдерінің, қара­пайым еңбек адамдарының, өскелең ұрпақтардың өкіл­дері жайлы сырлы да, сазды хабарлары сақталған. Міне, сол хабарларды дайындауға, эфирге шығаруға мол еңбек еткен Қазақ­стан­ның халық артисі Әнуарбек Байжанбаев ағамыздың туғанына 90 жыл.
Осы орайда тыңдаушының құлақ құрышын қан­дыратын дауылпаз дауыс иесінің мерейтойы Респуб­лика көлемінде тойланар ма еді деген тілек көкейімізде қылаң беріп қалады. Ел тізгінін ұстап отырған азамат­тардың ойларында жүрген де болар. Ұмыт қалдыратындай адам емес еді ғой...
Анда-санда радиодан мұрағаттағы бағдарламаларды беріп қалады. Тыңдарман қауым Әнекеңнің магниттей тартып, еріксіз баурайтын дауысын тани кетеді. Радиомен бірге жасап келе жатқан сол дауыстың иесі араларында жүргендей көрінеді.

Қасымхан ЕРСАРИН.

(← кері)
ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ Алматы қ. Абылай хан көшесі, 105
Яндекс.Метрика
Хатшылық құрамы Жаңалықтар Фотогалерея Қазақстан жазушылар одағының мүшелерi